Кажымукан Қажымұқан джиу-джитсу королін қалай өлтірген?
Қажымұқан бабамыздың Ямагата Мухунура деген бүркеншік аты болған. Жапонның әлемдік жарысқа қатысқан палуаны Саракики Джиндофу джиу-джитсу түрімен ғана күреседі екен. Бұл күресте ешбір ереже болмайды. Палуандар кез келген жерінен ұстасып, шамасы келсе, жұлып тастауына да болады. Ресейде бұл күресті тек Иван Корень деген палуан ғана білетін еді, Саракикимен күресуге сол дайындалады. Алайда, Жапонияға барып, үш палуанды қатарынан жыққан Саракикиді көргесін, ол күресуден бас тартады. Себебі, ереже бойынша палуандар бірі өліп, бірі қалғанша күресуі керек. И.Кореньнің қашқақтауы Ресей үшін масқара еді.
Мұны естіген Қажекең Поддубныйдың қарсылығына қарамастан, “Ресейдің атынан күреске мен түсемін” дейді. Екі жақ та «өлсек, ешкім жауапты емес» деген тілхатқа қол қояды. Ол күрес жайында қартайған шағында: “Мен оны өлтіргім келген жоқ. Бәріміз оның төбелесін көрдік, нағыз талантты палуан еді. Соққысы да кәсіби болатын. Өзі де әдемі еді. Оқ сияқты өте жылдам қимылдайтын. Тұрғанымша болған жоқ, ұрып үлгеріпті. Бетімді қан жуып кетті. Тағы бір жанап өткенінде құлағым қолында кетті”, – деп әңгімелеуші еді ұрпақтарына. Артынан Қажекең ес жиып, Саракики үшінші рет шабуылдағанда екі қолын артына қайырып, тіземен бір қағып жерге домалатады. Оң тізесімен иығынан басып, сол аяғымен желкесінен тіреп тұрып жапон палуанының үстіңгі ерні мен мұрнының терісін сыпырып алады. Жапондар үн-түнсіз қалады. Марапатталар сәтте Қажекеңе кей жанашырлар: “Батырын өлтіргенің үшін сені жапондар аямайды. Бүгіннен қалмай кет”, – дейді. Қажекең кемеге түнде жасырын мініп, кетіп қалады. Кейін Поддубный Саракикидің омыртқасы сынғанын, ауруханада бір күн өлмей жатқанын айтып келеді. Әлем жұрты джиу-джитсу королінен солай айырылып қалған екен...
P.S. Қазақ ұлтын айдай әлемге танытқан қос тұлға: Қажымұқан Мұңайтпасов мен Әміре Қашаубаев.